Ақмола облысында жасөспірімнің үстіне бетон құлап мерт болды

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға 8 сәуір күні сағат 11:00 шамасында болған

 

Ақмола облысында жазатайым оқиға салдарынан 16 жастағы бозбала көз жұмды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қайғылы оқиға 8 сәуір күні сағат 11:00 шамасында болған. Есіл аудандық полиция бөліміне аудандық аурухана фельдшері хабарласып, ауруханаға жеткізілген жасөспірімнің қайтыс болғанын хабарлаған.

«Белгілі болғандай, Есіл қаласының 16 жастағы тұрғыны, 1-курс студентінің үстіне №7 агротехникалық колледжінің аумағынан тыс жерде орналасқан көкөніс қоймасына кіреберістегі шатырдан (күнқағардан) бетон плита құлаған», - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда аталған дерек Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету» бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіміне енгізіліп, қылмыстық іс қозғалды.