Жалғызбасты ананың жеке балабақшаға барып жүрген 2 жасар ұлы үйге көкала қойдай болып таяқ жеп келген
Ақтөбелік жалғызбасты ана Ару Самұратова БАҚ өкілдерінен көмек сұрайды. Оның айтуынша, жеке балабақшаға барып жүрген 2 жасар ұлы 30 қараша күні үйге көкала қойдай болып, көгеріп келген, деп жазады Azattyq Rýhy Nur.kz cайтына сілтеме жасай отырып
Жалғызбасты анаға жеке балабақша басшысы мардымды жауап бермек түгілі, жағдайды түсіндірмеген де екен. Керісінше, полицияға жазған арызын қайтып алуды талап етіп жатыр.
«Баламды «Әмір» балабақшасына әкеліп жүргеніме бір ай болды. 30 қараша күні балам үйге келгенде, денесі көгеріп тұрды. Денесінде тістелген іздер бар. Балабақшадағы балалар тістеген екен және баламның денесінде саусақтың іздері көгеріп қалып қойған. Оны балам еденге дәрет сындырып қойғанда апай ұрды деді. Арқасы, аяғы қатты көгерген. Баламның бетінен бастап, барлық жерін тістеп тастапты», - дейді Ару Самұратова.
Келіншек екі баласын балабақшаға әкелгені үшін айына 30 мың теңгеден аса ақша төлеп отыр екен.
«Мен бұл жағдайға қатысты полицияға арыз жаздым. Балабақшаға келіп жағдайды сұрап едім, олар түсіндірмек түгілі, іштегі видеоны да көрсетпей қойды. Балабақша басшылары енді «Сенің үстіңнен арыз жазып, балаларыңды ешқандай балабақша алмайтындай қыламыз» деп өзімді қорқытып отыр», - дейді келіншек.
Жағдайды анықтау үшін балабақша басшысымен байланысу мүмкін болмады. Есігін іштен жапқан ғимаратқа арызданып келген ата-ананың өзі кіре алмай кетті.
Десек те, мәселені қалалық білім бөлімі анықтауға уәде берді.
«Бұл жағдай бойынша бізге ақпарат түскен жоқ. Арыз бойыншы жұмыс істеп, балабақшадағы жағдайды анықтаймыз», - дейді қалалық білім бөлімінің жалпы және орта білім беру секторының инспекторы Ақмарал Ертаева.