Жыл басынан бері павлодарлық полицейлер 1000-ға жуық иесіз жайылып жүрген малды айып тұрағына қамаған
Павлодарлық пабликтердің бірінде Кенжекөл ауылының маңында жылқылар көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіретін видео пайда болды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті тіркеліп, жылқы иесі анықталған.
"Ол Кенжекөл ауылының 66 жастағы тұрғыны болып шықты. Оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары тексеру жүргізді. Ер адам ҚР ӘҚБК 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған үш АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Мал иелері өздерінің мүлкіне немқұрайлы қарау ұрлыққа әкелуі мүмкін екенін түсінуі керек. Кейбір ниеті түзу емес азаматтар далада қараусыз қалған малды оңай айдап әкетуі мүмкін. Сонымен қатар, иесіз қалған мал жол-көлік оқиғасына себеп болу қауіпі бар", - деп атап өтті Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімі бастығының орынбасары Марат Тілеулин.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері павлодарлық полицейлер 1000-ға жуық иесіз жайылып жүрген малды айып тұрағына қамаған. Оның ішінде 780 бас жылқы бар. Бүгінгі күні Павлодар өңірінің аумағында 145 айып тұрағы жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, 3 сәуір күні Павлодар облысындағы «Екібастұз-2-Екібастұз-Северный» темір жолы аралығында жолда мал жайылуына қатысты оқыс жағдай орын алды. Пойыз астында қалған жылқылардың иесі жауапқа тартылды.