Олардың бірі 14 наурызда көз жұмған
4 сәуір сағат 21:25-те Алматы облысында көлік қағып кеткен төрт оқушының екіншісі қайтыс болды. Қайғылы жағдайды Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубәкірова растады.
Естеріңізге сала кетейік, 2 наурыз күні Еңбекшіқазақ ауданында мас жүргізуші сабақтан қайтып келе жатқан 4 оқушы қызды көлігімен қағып кетті. Оның үшеуі ауруханаға жатқызылды. Балалар 8-9 жаста. 14 наурыз күні оқушының бірі есін жимастан көз жұмды. 2 наурызда сағат 18:40-та Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Арзиев көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан «Уаз» автокөлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған 8 және 9 жастағы төрт оқушы қызды қағып кетті. Полиция өкілдері көлікті басқарған Корам ауылының 54 жастағы тұрғынын ұстаған. Сондай-ақ оның көлікті мас күйде жүргізгенін анықтаған.
Сегіз жастағы Карина Равильевна Сапиева жол апатынан кейін ауыр жарақатынан емделіп жатқан. Оны жерлеу рәсімі 5 сәуірге белгіленді.
Осы оқиғадан кейін ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алғанын хабарлады. Айтуынша, Мемлекет басшысы көлік жүргізушісін заңға сәйкес жауапқа тарту үшін аталған оқиғаны жан-жақты тексеру жөнінде тапсырма берді. Зардап шеккен қыздар мен олардың ата-аналарына тиісті көмек көрсетіледі.