Дүниеге келген қыз бала мен анасының жағдайы жақсы
Алматыда аяғы ауыр әйел жедел жәрдем көлігінде босанып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сәби таңғы сағат 4:33 шамасында дүниеге келген. Көмекке зәру пациентті жедел түрде Перинаталдық орталыққа жеткізу керек болған. Дегенмен айы-күні жетіп, толғағы басталған әйел перзентханаға жетпей, фельдшерлердің көмегімен жедел жәрдем көлігінде босанған.
«Тексергеннен кейін әйелдің жүктілігі 40 апта екені анықталды. Оны дереу перзентханаға жеткізбек болдық. Бірақ пациентті көлік ішінде босандыруға тура келді. Көмекшім Еңлік жүкті әйелге психологиялық қолдау көрсетті. Ал мен оны босандырып, баланың кіндігін кестім. Сөйтіп, ана мен баланы аман-есен перзентханаға жеткіздік»,- дейді алматылық жедел жәрдем қызметі №10 қосалқы станциясының фельдшері Әділжан Мақсұтов.
Жедел жәрдем қызметінің мамандарының арқасында салмағы 3300 гр, бойы 54 см қыз бала дүниеге келді. Бұл сәби отбасындағы бесінші бала екен.
«Екі жылдық тәжірибемізде мұндай оқиға бірінші рет болды. Әрине, басында қалай болады екен деп алаңдадық. Бірақ, бар біліміміз пен тәжірибеміздің арқасында ананы да, баланы да аман-есен жеткіздік», - деді фельдшер Еңлік Болатбекқызы.
Жедел жәрдем қызметі үйде босану жағдайларына жиі тап болатынын атап өту керек. Аптасына бір әйел фельдшердің көмегімен сәбиін дүниеге дін аман босанады. Алайда, жедел жәрдем қызметін тығырыққа тіремей, жүкті әйелдер уақытылы аурухана қызметіне жүгінгені абзал.
«Жедел жәрдем қызметіндегі барлық маман білікті. Кез келген жағдайда жедел медициналық көмек көрсетуге дайын. Десе де, тұрғындар өз денсаулығына, әсіресе, жүктілік кезінде салғырт қарамағаны жөн», - деп атап өтті Жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Пархат Надыров.