Биыл қалада ащы судың буымен 53 қылмыс жасалған
Жыл басынан бері петропавлдық полицейлер 23 қала тұрғынына қатысты мәжбүрлеп емдеуге жіберу шарасын қолданды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Учаскелік полиция инспекторлары профилактикалық жұмыс барысында масаң күйде жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударады. Жыл басынан бері Петропавлда ащы судың буымен 53 қылмыс жасалған, оның ішінде денсаулыққа зиян келтірудің барлық жағдайлары болған.
Бұдан бөлек, алкоголь отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын зорлық-зомбылық фактілерінің негізгі себепшісі болып табылады. Полицейлер ащы суды асыра пайдаланумен зорлық-зомбылық мәселесі қатар жүретінін жақсы біледі. Бұл ретте, ащы суды асыра пайдаланатын туысқандарынан жәбір көретін адамдар полицейлер мен дәрігерлердің көмегіне жүгіне бермейді.
Петропавл қаласында тұратын 59 жастағы әйел 35 жастағы ұлын мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы бірнеше рет өтініш жазған. Ер адам 10 жылдан бері маскүнемдік бойынша есепте тұр. Еш жерде жұмыс істемейді, анасының жалақысына күн көреді. Масаң күйде үнемі жанжал шығарады. Ер адам түзелемін деп уәде беріп, анасын жазған өтініштерін қайтып алуға көндіреді. Полицейлер ұлының кезекті айғайынан шаршаған әйелге дау-дамайдың соңы күш қолдануға әкеп соқтырмай тұрғанда, істі соңына дейін жеткізу қажет екенін айтқан. Учаскелік полиция инспекторы Асылтас Жаңабеков қажетті құжаттарды жинастырып, ер адамның медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз еткен. Наурыз айының соңында ол мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.
«Жыл басынан бері Петропавл қаласының учаскелік полиция инспекторлары 23 адамды мәжбүрлеп емдеуге жіберді. Өтірік ұялу, проблемаға көз жұма қарау, маскүнемдердің түзелетініне сенуден ешнәрсе шықпайды, бұл тәжірибеде дәлелденген. Емделу - мәселеден жалғыз шығар жалғыз жол. Айта кетер болсақ, Петропавл қаласында қаңтар айынан бері маскүнемдіктен айығып шығуларына байланысты есептен тоғыз адам алынған», – дейді Петропавл қаласының ПБ басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.