Жанар Хамитованың өліміне қатысты тергеу аяқталды

Автор: Azattyq Rýhy

5 желтоқсан күні Қарағанды облысының Полиция департаменті қылмыстық істің жабылғанын жазбаша түрде хабарлады

Жанар Хамитова. Фото: instagram.com/zhanar_khamitovaa_official

Полиция осы жылдың қыркүйек айында өз ата-анасының үйінде өлі табылған әнші, «Арнау» дуэтінің бұрынғы мүшесі Жанар Хамитоваға қатысты «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабы бойынша тергеу жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 желтоқсан күні ведомство қылмыстық істің жабылғанын жазбаша түрде хабарлады.

Ресми жауапта айтылғандай, іс қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты ҚР ҚІЖК-нің 35-бабы негізінде тоқтатылған.

Полиция тергеу органдары қандай жұмыс көлемін атқарғаны туралы хабарлаған жоқ.

Айта кетейік, отандық эстрада жұлдызы Жанар Хамитова қыркүйек айында Қарқаралыдағы ата-анасының үйінде өлі табылған. Бірнеше жылдан кейін сахнаға қайта оралған әншінің артында екі баласы қалды.

Полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өз-өзіне қол жұмсау» бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ал, Жанардың жақындары әнші өз-өзіне қол салмағанын, үй жинап жүргенде жүрегі тоқтап қалғанын айтты.

Осы жылдың сәуір айында Хамитова ажырасқаннан кейінгі проблемалары туралы баяндап, бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болғанын жеткізді.