Атырауда шетелдіктерге берілетін қағаз үшін 500 мыңдап пара алған шенеунік ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның тағайындалғанына екі жыл да өтпеген

Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы бір жапырақ қағаз үшін 500 мыңдап пара алғаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.

Серік Хамидолла шетелдіктердің жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін пара алды деген күдікке ілініп отыр. 43 жастағы шенеунік бұл лауазымға 2019 жылы тағайындалған. Небәрі екі жыл өтпей жатып істі болған атқамінердің сыбайластары да тергеліп жатыр. Алайда жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері күдіктінің нақты қай жерде және қанша ақша алып жатқанда ұсталғанын жасырып отыр.

«Күдікті 2020-2021 жылдары аралығында ЖШС-нің директорларынан шетелдік жұмыс күшіне рұқсат қағаз беруге көмек көрсетіп, жалпы қамқорлық көрсеткені үшін пара алған. Қылмыстық іс тергеп-тексерілуде. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне қатысты өзге де ақпарат жария етілмейді», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тергеушісі Асқарбек Ермұқашев.