Қызылжарда полицейлер коронавирус құрбандарынан ақша жасаған – Антикор

Автор: Azattyq Rýhy

Пысықай полицейлер жымысқы әрекеттерін шілде мен қазан айларының аралығында іске асырыпты

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Коронавирустың құрбандары күрт көбейген былтырғы жазда қызылжарлық полицейлер ақша жасаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік арнайы тексеріс кезінде осыны анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

COVID-19 құрбандарын жерлеумен айналысқан мекемелер тәртіп сақшыларына қаражат аударғаны белгілі болды. Полиция департаменті қазір өз қызметкерлеріне қатысты ішкі тергеуді қолға алған.   

Жаға ұстатарлық бұл ақпарат осыдан бір апта бұрын тараған еді. Бірақ ол кезде жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері жұмған аузын ашпады. Бүгін ғана бұл ақпаратты ресми түрде растады.

«Олар ритуалдық аганеттіктерге ақшалай сыйақы үшін Петропавл қаласының аумағында қайтыс болған адамдар жайлы мәліметтерді ұсынды деп күдіктелуде. Яғни мұнда қайтыс болған адамның сауалнамалық деректерін бергені үшін төрт мың теңге иемденген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде». - деді СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының орынбасары Нұрлан ЖАХИН.

Пысықай полицейлер жымысқы әрекеттерін шілде мен қазан айларының аралығында іске асырыпты. Індет құрбандарының деректері алдымен тәртіп сақшыларына түскен. Олар мұндай ақпаратты жергілікті жерлеу агенттіктерімен бөлісіп отырған. Әрбір мәйіттің есімі мен мекенжайы үшін 4 мың теңге алып келген. Жерлеу агенттіктері өкілдерінің сол кезде дереу жетіп келгенін әлеуметтік желіде бұқара да растап отыр.   

Полиция департаменті БАҚ өкілдеріне тек жазбаша түрде ғана жауап берді. Айтуларынша, қызметтік тексеріс басталған.  

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері, Полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы бірлесіп, бірқатар қызметкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды. Қазір бұл факт бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ, кінәлі тұлғаларды анықтап, олардың тікелей басшыларын жауапқа тарту мәселелері қарастырылуда», - деді СҚО ПД ішкі қауіпсіздік басқармасы.

Ал жерлеу агенттіктері өз кінәларын мойындамай отыр. Олар күні бүгінге дейін полицейлермен ешқандай  байланыс орнатпағанын айтуда.   

«Біз бұл салада жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істейміз. Жұрт бізді таниды. Марқұмның туысқандары бізге өздері хабарласады. Не полицейлер, не медицина қызметкерлері бізге ақпарат таратпайды. Біз ешкімге мәлімдеме үшін ақша төлеген жоқпыз», - дейді жерлеу агенттігінің директоры Вадим ПРИХОДЧЕНКО.

Сонымен бұл күмәні басым істің ақ-қарасын енді құзырлы органдар анықтамақ. Айта кету керек, күні бүгінге дейін Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустан 42 адам бақилық болды.