ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

СҚО-да заңсыз айналымнан 500 литр алкоголь тәркіленді

Аталған фактілер «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде белгілі болды

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында полицейлер дүкенде спирттік ішімдіктерді сату фактісін анықтады. Дүкен иесінде тиісті лицензиясы болмаған. 70 литр алкогольдік сусын тәркіленді. Жалпы Қызылжар өңірінде жыл басынан заңсыз айналымнан 500 литр ішімдік алынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.   

Мамлют ауданындағы кәсіпкерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» бойынша материал жинастырылды. Сараптама тағайындалды. Бұдан бөлек, соңғы бірнеше күнде ауданда спирттік ішімдікті үйде сатудың 3 фактісі анықталды. Аталған фактілер «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде белгілі болды.  

«Облыста наурыздың 19-ы мен 24-і аралығында өткізілген «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты - отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарды анықтау және болдырмау болды. Құқық бұзушылықтардың барлығы дерлігі алкогольдік масаң күйде жасалады. Осы орайда алкогольдік өнімдердің айналымы саласында заңнаманы сақтау - алдын алу жұмысында аса маңызды болып табылады», - деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов.    

«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасының барысында полицейлер есептегі адамдардың тұрғылықты жері бойынша 6 мыңға жуық тексеріс жүргізді. 644 адам тексеріліп, оларға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылды, 342-не қатысты сотпен жүріс-тұрысына ерекше талаптар қойылды. Жедел-профилактикалық іс-шарасының бес күнінде 886 түрлі бұзушылық анықталды, оның 88-і тұрмыс саласында. ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша 19 факті тіркелді.   

Жыл басынан облыста заңсыз айналымнан 492 литр алкогольдік өнім алынды.    

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО