Павлодар облысында полицейге пышақ ала жүгірген ауыл тұрғыны сотталды
Оған 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Павлодар облысында полицейге пышақ ала жүгірген ауыл тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен Успен ауданының тұрғыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-1-бабының 1-бөлігіне сәйкес 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
«2020 жылдың 15 қарашасында ер адам мас күйінде пышақ қолдана отырып, Успен ауданы учаскелік полиция инспекторының өміріне қауіп төндірген. Тәртіп сақшысы шақыру алған кезде қызметтік борышын орындап, әкімшілік учаскені аралап жүрген. Мектеп мұғалімдері кәмелетке толмаған балалардың анасы тәрбиелеумен айналыспайтынын айтып, балаларды тастап кететіндігіне және спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатындығына шағымданды. Сауалнама кезінде балалар анасының болуы мүмкін болжамды мекенжайын көрсетті», - дейді Успен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Асқар Аралбаев.
Учаскелік инспектор мұғалімдермен бірге көрсетілген мекенжайға барған сәтте мас күйінде болған адамды көрген. Ер адам кенеттен учаскелік полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған. Абырой болғанда, полиция қызметкерінің сыртқы киімі пышақтың терең енуіне жол бермеген. Сот-медициналық сараптама нәтижесіне сәйкес, учаскелік инспекторға жеңіл дәрежедегі дене жарақаттары түскен.
Осы баптың санкциясы құқық қорғау органы қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындауы барысында өміріне қол сұғу ретінде мүлкін тәркілей отырып немесе онсыз он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.