Бұрын сотты болған 37 жастағы ақмолалық тұрғын мен 58 жастағы астаналық әйел ұсталды
Ақмолалық полицейлер екі есірткі сатушыларды ұстады, олардан 24 миллион теңге сомасына героин тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері облыс аумағына героин есірткісін жеткізу арнасын жойды. Нұр-Сұлтан қаласында бұрын ұрлық жасағаны үшін сотты болған 37 жастағы ақмолалық тұрғын мен бұрын есірткі сатқаны үшін сотты болған 58 жастағы астаналық әйел ұсталды.
Жеке тінту барысында әйелдің іш киімінен 595 грамм героин табылып, тәркіленді. Бұл препарат екінші ұсталған адамға ары қарай беруге және Ақмола облысының аумағында сатуға арналған.
Ұсталған азаматтың үйін тінту кезінде ақшалай қаражат, электрондық таразы, сарғыш түсті сұйықтығы бар инъекциялық шприц және 845 грамм героин салынған полиэтилен пакет табылып, тәркіленді.
«Заңсыз айналымнан барлығы 1440 грамм героин, 5000-нан астам бір реттік доза героин алынды, бұл қара нарықтағы «ақ өлімнің» бөлшек сауда түріндегі құны шамамен 24 миллион теңгені құрайды», - деп атап өтті Ақмола облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Мейрам Жапбасов.
Қазіргі уақытта мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі «Өткізу мақсатында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау» бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Ұсталғандарға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып, қамауға алынды.