Ұрылар жылқыны сойып жатқан жерінен ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Екі ер адам таңға жуық ұрлап әкелген жылқыны бірден союға кіріскен

Алматы облысында ұрылар жылқыны сойып жатқан сәтте қолға түсті. Еңбекшіқазақ ауданында болған ұрлықты автопатруль қызметкерлері анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. КТК арнасына сілтеме жасап.

Екі ер адам таңға жуық жылқыны ұрлап, бірден союға кіріскен. Терісі сыпырылған малдың Түрген ауылындағы тұрғынға тиесілі екені анықталды. Алайда, жылқының иесі оның қолды болғанынан бейхабар болған. 68 жастағы қария өз шығынын 500 мың теңгеге бағалап отыр. Сойылған жылқының еті мал иесіне қайтарылды.

Қазір қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің өзге де мал ұрлығына қатысы бары тексерілуде. Жылқыны сойғандар «бала-шағамыз аш болғандықтан осындай қадамға бардық» деп ақталды. Ал қырағылық танытқан полицейлер марапатқа ұсынылмақ.

Жалпы, жыл басынан бері Алматы облысында ұрланған 800 ірі қара иесіне қайтарылған.

 «Тәртіп сақшыларын байқап қалған күдіктілер бой тасалауға тырысқан. Олар сол жерде ұсталып аудандық полицияға жеткізілді. Күдіктілерге тиесілі «Лада гранта» автокөлігі табылды. Оның да көлік жүргізушісі жасырынуға тырысқан. Бірақ ізіне түскен тәртіп сақшылары көлікті сол жерде ұстады», - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Серік Үпиев.