Жәбірленуші хабарламаны сақтап, сотқа арызданған
Шығыс Қазақстан облысында WhatsApp мессенджері арқылы өзге тұрғынды балағаттаған әйел жауапқа тартылды. Бұл туралы ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Белгілі болғандай, әйел адам отбасымен бірге пәтер жалдап тұрған. Бірақ қарызы көбейген соң көшп кетуге мәжбүр болған. Кей заты мен жеке құжаттарын өзі тұрған пәтерге уақытша қалдырған әйел бірнеше күннен кейін барлық затынан айырылғанын біледі. Ашуға мінген ол бірден пәтер иесіне айғалап, WhatsApp арқылы бейәдеп сөздер айтылған аудиохабарлама жіберген. Алайда жәбірленуші оның хабарламасын сақтап, сотқа арызданған.
«Сот үкімі бойынша кінәлі деп танылған әйел адам 20 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Қазіргі уақытта ол пробация қызметінде тіркеуге алынып, қоғамдық жұмыс істеу үшін әкімдікке жіберілді», – деді пробация қызметінің басшысы Мақсат Манарбеков.