Павлодар облысында екі айда хабар-ошарсыз кеткен 14 адам іздестірілді
Алматы қаласының жедел қызметкерлері 15 жастағы із-түзсіз жоғалған павлодарлық жасөспірімнің мекенжайын анықтады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмаған бала ата-анасымен болған жанжалдан кейін 2021 жылғы 9 наурызда үйінен кетіп қалған.
«inDriver қызметі арқылы таксиге отырып, Алматы қаласына кетіп қалған. Сол жақта жатақханадан бөлме жалдап, дәмханада қосалқы жұмысшы болып жұмыс істеген», - дейді департамент өкілдері.
Сонымен қатар, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарды ұстауға бағытталған «Іздестіру» жедел алдын алу іс-шарасы барысында хабар-ошарсыз кеткен бес азаматтың орналасқан жері анықталды. Мысалы, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 2020 жылдың қазан айында Екібастұз қаласындағы үйінен кетіп қалған 43 жастағы ер адамның мекенжайы анықталды. Ер адам жүргізуші болып жұмысқа орналасқан, алайда ол бұл туралы туыстарына ескертпеген.
Айта кетейік, 2 ай ішінде Павлодар облысының аумағында жедел уәкілдер хабар-ошарсыз кеткен 14 адамды іздестірді.