Түркістан облысында іздеуде жүрген алаяқ қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті азамат жәбірленушінің 5 млн теңгесін алып кеткен

Түркістан облысының полицейлері іздеуде жүрген алаяқты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері облыс көлемінде өтіп жатқан «Іздестіру», «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шараларын жоғары дәрежеде өткізді. Іс-шара барысында полицейлер іздеуде жүрген алаяқтыққа қатысы бар, Сайрам ауданының тұрғынын ұстап бөлімшеге жеткізеді. Оқиға өткен жылы Бәйдібек ауданында болған. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді», - делінген хабарламада.

Тергеу барысында күдікті азамат жәбірленуші әйелден Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер алып беремін деп, 5 миллион теңгеден астам ақша алғаны белгілі болды. Күдікті азамат жәбірленушінің сеніміне кіріп, ақшасын алған соң ізін суытқан. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті деп танылған ер азаматтың бас шарасы қамауда.

Түркістан облысының полицейлері алаяқтық қылмысының кең таралуына байланысты тұрғындарға сақ болуды ескертеді.