Газдан улану: Түркістанда 5 адамның өліміне қатысты күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция тағы да күдіктілер барын жоққа шығармайды

Түркістан облысында газдан уланып өлген бір отбасының 5 мүшесіне қатысты күдікті ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Полиция қызметкерлері қоғамда резонанс тудырған оқиғаға байланысты сараптамалар тағайындап, куәгерлерден жауап алды.

«Улы газдан бір отбасының бес бірдей мүшесі қаза тауып, бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Аталған жайтқа байланысты Қылмыстық кодекстің 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде. Бүгінгі таңда бұл қылмысты жасады деген күдіктілердің бірі ретінде Түркістан қаласының тұрғыны ұсталды. Ол - газ орнату фирмаларының бірінде директор. Тергеу жұмыстарының аясында оның іске қатысы бар екені дәлелденді. Біз күдіктілер санының артуын жоққа шығармаймыз. Сондықтан тергеу жалғасады», – деп атап өтті Түркістан облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасов.

Естеріңізге сала кетейік, ақпан айының соңында Түркістан қаласындағы жер үйлердің бірінде бес адам, яғни әйел мен оның төрт баласы қаза тапқан. Қазаның себебі – газдан улану. Оқиға орнына Түркістан облысы Полиция департаменті бастығы, ТЖД бастығы, әкімдік және басқа да қызмет өкілдері барған болатын. Тергеу барысын Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жеке бақылауына алды.