Олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін
Өскеменде есірткі сатумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ШҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлер ҚР ШҚО бойынша ҰҚКД және ҚР Ұлттық ұланының 5518 әскери бөлімінің арнайы бөлімшесінің жауынгерлерімен бірлесіп аса ірі көлемдегі психотроптық заттарды өткізу арнасының жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді.
Ұсталған 22 және 23 жастағы ерлі-зайыптылар Өскемен қаласының орталығында пәтер жалдап тұрғандары, әлеуметтік желілер арқылы есірткіні қойып кету жолымен өткізу нүктесін ұйымдастырғаны анықталды.
Белгілі болғандай, олар облыс орталығына Семей қаласынан келген, Сберкасса ауданында ұзақ мерзімге пәтер жалдап тұрып, құпия қойып кету орындары арқылы әлеуетті клиенттерге тауар ұсынып отырған.
Отбасылық жұптың тұрғылықты жері бойынша пәтерге санкцияланған тінту жүргізу барысында электрондық таразылар, жарты миллион теңгеге жуық ақшалай қаражат, сондай-ақ өткізуге дайындап қойған психотроптық құралдар бар өлшеп оралған түйіншектер салынған полиэтилен пакеттер алынды.
Анықталғандай, заңсыз бизнеспен айналысудағы фигуранттардың рөлі нақты айқындалып бөлінген. Есірткі сатудан түскен ақша жалпы отбасылық бюджетке түсіп отырған. «Отбасылық бизнеспен» олар екі ай көлемінде айналысқан.
«Жалпы алғанда, есірткі сатушылардан «крис» және «меф» деп аталатын 700 - ден астам бір реттік қолданатын психотроптық заттар алынды, олардың «қара нарықтағы» бағасы 6 миллионнан астам теңгені құрайды, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған 500 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражат тәркіленді», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Ұсталған жұп Өскемен қалалық ПБ-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды, қазір оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілердің кінәсі толық дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.