Ақмола облысында бір күнде үш қылмыс істеген ер адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

37 жастағы тұрғынның бұрын ұрлық жасап, кісі өлтіргені үшін сотталғаны анықталды

Фото: ашық дереккөзден

Атбасар АПБ криминалдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері санаулы уақыт ішінде бірден үш рет қылмыс істеген қаскүнемді ізін суытпай ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме  жасап.

11 наурыз күні түстен кейін қаскүнем банкоматтан өз қаражатын алған кезде жылыту қызметтері үшін төлем жинау инспекторын аңдып жүріп, клиенттердің ақшасы салынған сөмкесін алып қашып кетеді. Шығын сомасы 191 мың теңгені құраған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында және бейнебақылау камераларының арқасында полиция қызметкерлері Атбасар қаласының бұрын ұрлық жасап, кісі өлтіргені үшін сотталған 37 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады», - делінген ПД хабарламасында.

Сол күні қаскүнем тағы екі қылмыс жасаған: азық-түлік дүкенін тонаған және тұрғын үйден 212 мың теңге сомасына ақша ұрлаған. Күдікті жеке коттедж иесін де бақылап аңдыған, бұл туралы ол жауап алу кезінде мәлімдеді.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 191-бабы «Тонау» екеу, ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша біреу – жалпы үш қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.