Екібастұзда ер адам қолдан мылтық жасап, саяжайда жасырған

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде

Фото: ашық дереккөзден

Екібастұзда ер адам қолдан мылтық жасап, оны ұзақ жылдар саяжайда жасырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 287 бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және қару тәркіленді. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, полиция қызметкерлері М.Әуезов көшесінде патрульдеу кезінде ер адамды ұстады. 

«Тәртіп сақшыларының назары оның күртешесінің астынан шығып тұрған затқа түсті. Екібастұз қаласының 44 жастағы тұрғыны 2010 жылы маусымда өзінің саяжайында бір оқпанды аңшы мылтығынан шолақ мылтық жасап шығарғаны анықталды. Яғни оқпанның бір бөлігін қысқартқан және оны 10 жыл өзінің саяжайдағы үйінде сақтаған», - деді Павлодар облысы Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Василий Скляр.

Сол күні ол қаруды тұрғылықты жеріне алып бара жатқан.

Тергеу барысында ер адам бұл қаруды қандай мақсатпен қайта өңдеді, не үшін сақтады және қолданды ма, жоқ па екені анықталады.