Тараздық полицейлер суицид жасамақ болған ер адамды құтқарып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Жұмыста жарақат алған жігіт әлі ақшалай өтемақы ала алмай жүргенін айтқан

 

ПД баспасөз қызметі

Тараз қаласының полиция қызметкерлері өзі-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

7 наурыз күні «102» қызметіне қала тұрғынынан Королев көшесі бойындағы құрылысы аяқталмаған 5 қабатты ғимараттың төбесіне бір жігіттің шығып алғаны және оның өз өмірін қиюға әрекет жасамақ болғаны туралы дабыл хабарламасы келіп түсті.

«Көрсетілген мекенжайға кідіртпей жеткен Тараз қаласының Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Данияр Тазабеков бірнеше минут ішінде 5-қабаттың төбесіне көтеріліп, жас жігітпен сөйлесіп, импульсивті әрекеттің себебін анықтауға тырысты. 29 жастағы жас жігіт өзі жұмыс істеп жатқан кәсіпорын басшысына қатысты шағымданып, жұмыста жарақат алғанын, алайда, оған әлі де ақшалай өтемақы төленбегенін айтқан», - делінген ПД хабарламасында.

Әңгімені жалғастыра отырып, полиция қызметкері ақырын жақындап келіп, жігіттің қолынан ұстап, шатырдың шетінен сүйреп әкеткен. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның медициналық көмекке қаншалықты мұқтаждығын анықтау үшін жас жігітті ауруханаға жеткізген.

Дәрігерлік тексерістен кейін полиция қызметкері жас жігітпен жеке профилактикалық әңгіме жүргізіп, қажет болған жағдайда тиісті шағымды қабылдайтынын айтып уаде берді.