Алматы облысында үш жасар қызды қағып өлтірген күдікті іздестіріліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Бүлдіршінді көлікпен қаққан қаскөй оны қансыраған күйі қараусыз ғимаратқа тастап кеткен

Қорам ауылында үш жасар қыздың өліміне себеп болған күдікті 10 айдан бері табылмай жатыр. Кішкентай Мөлдірдің ажалы жол апатынан болғанын сараптама қорытындысы көрсеткен. Бүлдіршінді көлікпен қаққан қаскөй оны қансыраған күйі қараусыз ғимаратқа тастап кетіпті. Ал тұрғындар жабылып іздеп тапқан кезде, кеш еді. Қара жамылған ата-ана содан бері істің созбалаңға салынғанына наразы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға былтыр 1 мамырда болған. Үш жасар Мөлдір кешкі астан соң далаға ойнауға шығыпты. Ал жарты сағаттан кейін ата-ана баланың жоғын байқайды. Бүкіл Қорам батыр ауылы дүрлігіп, қызды іздеуге кіріскен. Бүлдіршін алты сағаттан кейін табылады. Кішкентай қыз бос ғимараттың ішінен түнгі сағат бір жарым шамасында табылған. Оны осында іздеп келген ауыл тұрғындары байқапты. Олардың айтуынша, Мөлдір жердегі тастардың үстінде қансыраған күйі ес-түссіз жатқан.

Тұрғындар қызды дереу ауруханаға жеткізген. Ол бірден жансақтау бөліміне түседі. Ал екі күннен кейін ата-анасының қолына баланың адам көргісіз күйдегі мәйітін беріпті.

«Баланың түрін көрсеңіз, қарай алмайсыз. Сұмдық, миына дейін шығарып жіберген. Қабырғаларын... танып болмайтын дәрежеде. Өз қызымды өзім танымай қалдым.  Ит сияқты қоқысқа лақтырып кетті қызымды, көрдіңіз бе?!.», - деп ашынады марқұмның анасы Перизат Өтелбаева.

Мөлдірдің өліміне жол апаты себеп болғанын сараптама көрсеткен. Қара жамылғандар қызды үйдің қасындағы көшеде әлдекім көлігімен таптап, артынша оны өзімен алып кеткен деп болжайды. Өйткені бастапқыда ол ғимаратта қыз болмаған. Тек ауыл әкімі үйлерді тінту туралы бұйрық бергенде, күдікті бүлдіршінді дереу сонда апарып тастаған болса керек.

«Үй-үйді тексерейік, үй-үйді тінтейік деген кезде, сол кезде барып табылып отыр ғой. 5-10 минуттың аралығында», - деді марқұмның әкесі Қуан Ырыздық.  

Ал баланың өліміне себеп болған адам әлі күнге дейін бостандықта тайраңдап жүр.

«Көліктен өлген деп шығарды. Міне, осы уақытқа дейін қақпаған есігім қалмады. Бәріне бардым. Тергеушіден тергеуші ауыса береді. Не сонда, баланың өлімі ойын ба?! Бұлар ай сайын ауысады, міне, осыған дейін 7-8 тергеуші ауысты. Қызылтудағы Медет Аязбаев «Біз күдікті табылмағаннан кейін істі жабамыз» деді», - деп күйінеді Перизат Өтелбаева.

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана іс жылы жабылып қала ма деп күдіктенеді. Ал полицейлер қаскөйді «іздеп жатырмыз» деп сендіріп отыр.

«Кінәлі тұлғаларды анықтау бойынша жедел тергеу шаралары жүргізілуде. Кешенді медициналық криминалистік сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы дайын болғанда, іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады», - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Қапыда перзентінен айырылғандар кінәлі тиісті жазасын алса дейді. Өйткені мұндай жағдайдың тағы қайталануынан қорқады.