Шымкентте суицид жасамақ болған әйел құтқарылды
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жедел әрекет етудің арқасында қайғылы оқиғаның алдын алды
Шымкентте суицид жасамақ болған әйел құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Отырар» телеарнасына сілтеме жасап.
8 наурыз күні таңертең сағат 07.00-де» 102» қызметінен Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданындағы Республика даңғылы бойынша көппәтерлі үйдің 5-қабатының төбесінен әйел адамның (болжам бойынша суицид әрекеті) секіргелі тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.
«Оқиға орнына Шымкент қаласы ТЖД өрт сөндірушілері мен құтқарушылары жіберілді. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар екі топқа бөлініп, бір топ үйдің эвакуациялық (өрт) сатымен көтерілсе, екіншісі жедел шатырға көтеріліп, 1988 жылы туған әйелмен келіссөздер жүргізді. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жедел әрекет етудің арқасында қайғылы оқиғаның алдын алды», - делінген хабарламада.
Құтқарушылар әйелді баспалдақ маршы арқылы түсіріп, полиция қызметкерлеріне тапсырды. Оқиғаның мән-жайын тергеуді Әл-Фараби АІІБ полиция қызметкерлері жүргізеді.
Оқиға орнында «ӨС және АҚЖҚ» ММ-нің 6 адамы мен 2 техникасы, жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесі, медицина апаттар орталығы филиалының 1 бригадасы жұмыс істеді.