Ұйымдасқан қылмыстық топты 38 жастағы оралман жігіт басқарған
Атырауда киіктің мүйізін Қазақстаннан Қытайға сатумен айналысқан 12 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты. Топты басқарған – бұрын ҚХР азаматы болған қазақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Қылмыстық топтың басшысы – 38 жастағы бұрынғы Қытай азаматы. Этникалық қазақ Синьцзянь-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Құлжа ауылында дүниеге келген. Бала кезден Қытайда түрлі кәсіппен айналысып, кейін Қырғызстанда көкініс, киім-кешек, мата, ыдыс-аяқ сатады. 2016 жылы алғаш рет Қазақстанға келіп, алдымен Таразда болып, кейін Алматыда бизнес ашқысы келген, бірақ жолы болмағандықтан бір жылдан кейін Қытайға қайта оралады. Онда сол кезде ислам дінін берік ұстанған адамдар қудаланып жатқандықтан, солармен бірге оның үш ағасы Синцзяньдағы арнайы түзеу лагеріне қамалады. Болмысы қазақ қытайлық азамат таңдау жасап, 2018 жылы ҚР азаматтығын алады.
Жылдам байып кетуді көздеген азамат 2018 жылы ол қылмыстық жолмен кәсіп бастап, өзінің бұрынғы туған жеріне киіктің мүйізін сатумен айналысады.
«Қытай медицинасы үшін»
Сот талқылауында анықталғандай, 2018 жылдың жаз айынан бастап 38 жастағы ер адам киік мүйіздерін шығыс медицинасымен айналысатындарға сату мақсатында Қазақстанда қылмыстық топ құрады.
Алдымен топқа Алматы мен Шымкент қаласының тұрғындары қосылып, кейін қылмыстық топтың құрамы Орал, Атырау, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Қарағанды және Жезқазған тұрғындарымен толығады.
Шымкент қаласының тұрғыны бұрындары киік мүйізін сатумен айнылысып жүрген адамдармен байланысқа шығады. Олар киіктің мүйізін жоғарыда аталған өңірлерден сатып алып, пойызбен Алматыға жолсеріктер (олар қаптамада не бар екенін білмеген болып шықты) арқылы жеткізіп, ары қарай бағалы жүк Қытайға өткізіледі.
Айта кетерлігі, бұрынғы Қытай азаматына киіктің мүйізін Атыраудан Қызылқоға ауданының үш тұрғыны, Махамбет ауданының 36 жастағы тұрғыны және Индер ауданының 46 жастағы тұрғыны сатып отырған.
2019 жылдың қазанында қылмыстық топты Алматы, Ақтөбе және Атыраудағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қолға түсіреді. Жедел тергеу тобы тінту жүргізген кезде 1 тонна 118 келі киіктің мүйізін тәркіленді. Күдіктілер жануарларды өлтіріп, мүйізін кесіп алған соң, етін далаға тастап отырған.
Мамандардың есебі бойынша, қылмыстық топтың заңсыз әрекетінен мемлекетке 5 млрд 665 млн теңге мөлшерінде зиян келген. Тіпті қылмыстық топтың мүшелері ұсталған кезде топ басшысы пара беріп, тоқтатқысы келген. Алайда жоспары іске аспады.
Ауған соғысының ардагері – қылмыстық топ басшының оң қолы
Қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, сот 12 адамды ҚР ҚК 262 және 339-бабымен кінәлі деп танылды.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Екі адам одан аз мерзімге жазаға кесілді. Қылмысын мойындамаған сотталушылар облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіргенімен, сот үкімі өзгеріссіз қалды.