Павлодар облысында полиция 5 адам қайтыс болған жол апаты ісін сотқа жеткізбей жауып тастаған

Автор: Azattyq Rýhy

5 адамның туыстары апатқа кінәлілердің әділ жазалануын сұрайды

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысында жол апатынан қайтыс болған 5 адамның туыстары шу көтерді. Олар апатқа кінәлілердің әділ жазалануын сұрайды. Айтуынша, полиция істі сотқа жеткізбей жауып тастаған. Ал жасалған сараптама бұрмаланған - деп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

«Ақтоғай-Шолақсор» тасжолының 64-шақырымында жеңіл көлік, трактор тіркемесіне соғылған. Апат былтыр қыркүйек айында болды. Көлікте 5 адам болыпты. Жүргізуші 4 әйелді ауылға жеткізіп тастамақ болған.

Содан бері 6 ай өтсе де, марқұмдардың туыстары апатқа кінәлердің жазаланбай отырғанын түсіне алар емес. Туыстарының айтуынша, шөп тиеген трактор жолдың бойында тоқтап тұрған. Түнгі уақытта ауыр көліктің ешқандай дабыл белгілері де болмады дейді.  

Жол апатына байланысты, бір емес екі рет қылмыстық іс қозғалған. Алайда, екеуі де сотқа жетпей жабылып қалыпты. Оған жол апатына марқұм жүргізуші кінәлі деген қорытынды себеп болған. Ал жәбірленушілердің адвокаты, тергеушілер бұл іске селқос қарап отырғанын айтады.

«Біріншіден - тракторшының жүргізуші куәлігі болмаған. Екіншіден - трактордың иесі бірінші түсініктемеде жүргізушінің қасында болдым - дейді. Ал екінші түсініктемесінде, ол «Нива» көлігімен трактордың артынан жүріп отырғанын айтады. Яғни, бұл жерде тракторда ешқандай сигнал белгілері болмағанын өзі де мойындап тұр», - дейді адвокат Қарлығаш Жамалиденова.