Шымкентте «қыз алып қашу» операциясының кейіпкері ешкімнің үстінен арыз-шағым түсірген жоқ

Автор: Azattyq Rýhy

21 жастағы азаматша көлікке өз еркімен отырғанын айтқан

көрнекі сурет

3 наурыз күні Шымкентте болған «қыз алып қашу» операциясының кейіпкері өзіне қатысты зорлық-зомбылық әрекетінің болмағанын, тек жігітімен ренжісіп қалғанын хабарлады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

«3 наурыз сағат 20:00 шамасында Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына қаладағы қонақ үйлердің бірінің алдында «Lexus» маркалы автокөлікке белгісіз біреулердің жас қызды мәжбүрлеп салып, алып қашқаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-тергеу тобы оқиға орнына дереу жетіп, мән-жайды анықтады. Нәтижесінде оқиға кейіпкері ешкімнің үстінен арыз-шағым түсірген жоқ», - делінген хабараламада.

Әлеуметтік желілерге жүктелген бейнежазбадағы 21 жастағы (1999 жылы туған - ред.) азаматша жігітімен ренжісіп қалғанын айтқан. Алайда ол көлікке өз еркімен отырып, сондай-ақ куәгерлердің болған жағдайды дұрыс түсінбей қалғанын жеткізген.