Ақтөбедегі көктайғақтан 20 көлік аударылды

Автор: Azattyq Rýhy

Тайғаққа байланысты бірнеше рет жолды жапқанымен, ескертуді елемейтіндер көп екен

Фото: khabar.kz

Ақтөбе облысында да көктайғақтың кесірінен шетелдіктер мінген шағын автобус аударылды. Абырой болғанда, автобустағы Ресейге бара жатқан тәжіктердің ешқайсысы жарақат алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

«Бөгетсайдың тұсында Тәжікстаннан келе жатқан азаматтар мінген автобус жолдан шығып кеткен. Дегенмен, автобус ішіндегі 10 шақты адам аман қалған. Жолдың бәрі қазір көктайғақ. Ол жөнінде соңғы үш күннен бері ескерту айтылып жатыр», – деді Ақтөбе облыстық ТЖД басқарма бастығы Құмар Тұрмағамбетов.

Тайғаққа байланысты бірнеше рет жолды жапқанымен, ескертуді елемейтіндер көп. Соңғы бір тәулікте көк мұзға тайғанап, 20-дан астам көлік жолда аударылған. 

Аймақта демалыс күндері жаңбыр аралас қар жауып, артынша аяз тұрған еді. Енді бірнеше ауданда көктайғақ салдарынан жұрт тіпті, үйден шығудан қалған. «Мал мұздан тұра алмай, қора ішіне сүйреп қамаймыз» дейді ауыл тұрғындары. Әсіресе, Байғанин ауданының кей жолында мал түгілі, адамдар жүре алмай, жамбастап сырғанауға мәжбүр.