Күдікті ретінде қыздың анасы ұсталды
Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының полициясы 34 жастағы әйелді ұстады. Оның пәтерінен үш жасар баланың пышақталған денесі табылды, деп жазады sputniknews.kz.
«27 қараша күні сағат 15:00 шамасында Сәтпаев қаласы полиция бөлімшесінің кезекшісіне 43 жастағы қала тұрғыны хабарласты. Ол пәтерінде пышақталған үш жасар қыздың денесі жатқанын айтты. Жедел тергеу тобы оқиға орнына келіп, бұл фактіні растады», - деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары баланың денесін тапқан кезде, үйде пәтер иесі – әйел мен онымен бірге тұратын, полицияға хабарласқан ер адам болды. Екеуі де мас болыпты.
Тергеу барысында қыздың анасы ұсталды. Полицейлер Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 99 бабы, 2 – тармағы «адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл бап бойынша 15-20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Істі тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Тиісті сараптамалар жүргізіледі.