Алматыда сатушыларды жалған чекпен алдап жүрген әйел ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қаскөй смартфон қосымшасы арқылы төлем туралы чекті қолдан жасап отырған

 
Фото: unsplash.com

Алматыда дүкен сатушыларын жалған чекпен алдап соққан әйел ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

27 жастағы күдікті С. есімді әйел бұрын түзетілген чекті қолма-қол ақшасыз төлем арқылы ұсына отырып, сатушыларды адастырып, ақшасыз сатып алулар жүргізген. Қазіргі уақытта ұсталған әйел Алматы қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Ол 3 айдан астам уақыттан бері қалада жалдамалы пәтерлерде тұрған, бірақ ешқандай жерде жұмыс істемейді. Бұған дейін мүліктік қылмыстары үшін бірнеше рет сотталған С. есімді әйел Алматыға өзінің туған жері Ақтөбе қаласынан ақша табу үшін келген, бірақ көріп отырғанымыздай, жұмыс істегісі келмеген. Қаскөй азық-түлік дүкендерінде және киім бутиктерінде өнімді таңдап, бағаны сұраған, содан кейін сол жерде смартфондағы қосымшаны қолданып, төлем туралы чекті қолдан жасаған: ол алушының аты-жөнін және төлем сомасын жазады. Сатушылар оның смартфонына қарап алданып қалады, ақша түскені туралы хабарлама кейінірек келеді деп үміттенген екен. Сатып алушы тауарды тегін алып, жайбарақат кетіп қалып жүрген. Ешқандай ақша түспеген. Қалада келіншектің осы әрекетінен алданған он шақты сатушы бар. Осыған байланысты, әйелдің алаяқтық әрекетінен зардап шеккен өзге де азаматтар болса, келесі телефондар бойынша хабарласа алады: 8-708-707-92-02; 8-705-771-13-71, 8-705-55577-63»- деді Алмалы аудандық Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Владимир Решетников.

Ұсталған адамға қатысты ҚР ҚК-нің 190 бабы 3 бөлігі - аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтыққа сәйкес қылмыс құрамы негіздері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Әйелді мүлкін тәркілеумен қатар, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза күтіп тұр.