Автобус апатына байланысты Забайкальеде Аза тұту күні жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Забайкалье өлкесінің губернаторы 2 желтоқсанды Аза тұту күні деп жариялады

Ресейде көпірден құлап кеткен автобустан зардап шеккен жолаушылар тиісті медициналық көмек алып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты РИА Новостиге сілтеме жасап. 

Чита – Сретенск бағытындағы автобус 1 желтоқсанда көпірден құлап кеткен. Оқиға салдарынан 19 адам көз жұмып, 21 жолаушы түрлі жарақат алған. Забайкалье өлкесінің губернаторы 2 желтоқсанды Аза тұту күні деп жариялады.

Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 6 адам Читадағы клиникалық ауруханаға жеткізілді. Оның төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. 

Сонымен қатар, дәрігерлер аяғы ауыр келіншектің баласын құтқарып қалған. Ал Шилкинский ауданына 7 адам жеткізілген. Оның екеуі ауыр халде жатыр. 

Забайкальедегі апатқа байланысты Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев, вице-премьер Татьяна Голикова, бірнеше облыстардың губернаторы, сондай-ақ, Еуропа Кеңесі, Әзербайжан мен Катар билігі көңіл айтты.