Биыл қаладағы Әл-Фараби ауданы аумағының өзінде 400-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған
Шымкентте карантин кезінде жұмыс істеген ойынхана анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Профилатикалық-рейдтік шараларды жүргізу барысында, карантинге қарамастан келушілерге қызмет көрсеткен компьютерлік ойынхана анықталды. Ағымдағы жылы 19 ақпан күні сағат 22:51 шамасында Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері Байтұрсынов көшесі бойында орналасқан компьютерлік ойынхананың жасырын жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Осыған сәйкес карантин режимін және шектеу шараларын сақтамағаны үшін іс-құжаттар рәсімделді.
Анықталған құқық бұзушылық жайтына қатысты, нысан иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша жинақталған материалдар Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданған.
Айта кетейік, 2020 жылы Әл-Фараби ауданы аумағында мыңға жуық ғимаратқа карантин режимінің сақталуы бойынша тексерулер жүргізілген. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша жалпы 400-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оларға нақты шара көру үшін Әл-Фараби аудандық Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасына іс-қағаздар жолданған.