Атырауда әлем чемпионын өлтірді деп айыпталған азамат кінәсін мойындамады

Сот процесі жалғасуда

Атырауда әлем чемпионын өлтірді деп айыпталған азамат кінәсін мойындамады

Атырауда грэпплингтен әлем чемпионы Есенбек Сиғуатовты атып өлтіргендерге қатысты сот отырысы жүріп жатыр. Айыпталушылар орындығында – Атырау облысы Полиция департаментінінің (бұрынғы) екі қызметкері. Алайда қылмыс жасалғаннан кейін ПД күдіктілердің ешқашан полицияда жұмыс істемегеннін мәлімдеген еді. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды.

Болашағынан зор үміт күттірген чемпион Есенбек Сиғуатов былтыр 9 тамызға қараған түні қала маңындағы Амангелді (Дамбы) және Құрманғазы ауылдарының жасөспірімдерімен және бірнеше жігітімен төбелес кезінде атыс қаруынан атылған оқтан қаза тапқан еді.

Іс материалдарына сүйенсек, 8 тамыз күні қала сыртындағы Амангелді ауылының төрт жасөспірімі көрші Құрманғазы ауылындағы дүкенге барады. Дүкен қасында осы ауылдың бұзақылары ескі жағдайды еске түсіріп, келген балаларды ұрып жібереді. Таяқ жеп қалған балалар бұл туралы ауылдастарына айтып, кейін түнгі 2-лер шамасында Құрманғазы мен Амангелді ауылдарын бөліп тұрған үйілген топыраққа екі ауылдың балалары жиналады. 26 жастағы Б.М. оқиға орнына 12 калибрлі аңшы мылтығын алып барады. Әуелі мылтығын аспанға атады, екінші рет оқты көрші ауылдардың балалары тұрған жаққа атады. Оқ Есенбектің жүрегіне тиіп, чемпион оқиға орнында қайтыс болады. Осыдан кейін бәрі қашып кетеді, ал екінші күдікті қаруды өзенге лақтырды. Ол (қару) ақыры табылған жоқ.

Осы жылдың қаңтар айының соңында тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді. Іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Екі баланың әкесі, 23 жастағы Б.М. Қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру), 26 жастағы Б.Д. - 432-бап (қылмысты жасыру) бойынша айыпталуда. Белгілі болғандай, Б.Д. 2017 жылдың мамыр айынан бастап су полициясының кезекші бөлімінде жұмыс істеген, ал Б.М. былтыр 30 сәуірден бастап сол жерде полиция көлігін жүргізген. Екеуі де «органнан» 10 тамызда, яғни, Сиғуатовты өлтірген күннің ертеңінде жұмыстан шығарылған.

Тергеу изоляторында жатқан Б.М. кінәсін мойындамайды. Сол түні қолында қару болғанын, бірақ өзінің атпағанын айтады. Тіпті, кісі өлтіруші деп, түнде отбасына келіп, адам өлтірдім деп айтқан туысын да көрсетіп отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.