Шымкентте мектеп оқушысы сыныптасының әкесін ұрып өлтірді
Марқұмның жақындары күдіктінің жанында сыбайластары болған деп отыр
Марқұмның 15 жастағы балаға «қызыма тиіспе» деп ескерткені ұнамаған көрінеді. Ересек адамның ескертуіне кек сақтаған 9-сынып оқушысы 42 жастағы азаматты көшеде кетіп бара жатқан жерінен таспен ұрып, сосын әбден тепкілеген. Жасөспірімнің қолынан қаза болған марқұм бүгін жерленді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.
Зияфат Ыдырысовтың қайтыс болғанына жақындары сене алмайды. Марқұмның жақындары күдіктінің жанында сыбайластары болған деп отыр.
Жеке шаруасымен көшеге кеткен 42 жастағы азаматтың денесі түнде үйінің маңынан табылды.
«Бас сүйегінің мылжа-мылжасы шығып, соңғы демін алып жатқанда көрдік», - дейді жақындары.
Сол оқиғаның алдында үш-төрт жеткіншектің топтасып тұрғанын көргендер бар. Тіпті, олардың таяқ ұстап тұрғанын да байқаған.
«Бет-аузы түгел қан. Сау-тамтығын қалдырмай ұрып, тіпті қабырғаларын сындырып тастаған. Таспен де, таяқпен де, тіпті кетпенмен де ұрған. Енді артында қалған ұл-қызын кім асырап жеткізеді?», - дейді марқұмның қарындасы Севда Ыдырысова.
Зияфатты өлтірген 9-сынып оқушысы болып шықты. Ол марқұмның қызымен бір сыныпта оқиды екен. 15 жастағы Пардамбек Сайыпов қыздарға қырғидай тиетін бұзықтау бала болған. Марқұмның қызы Пардамбектен жәбір көргенін әкесіне бірнеше мәрте айтып барыпты. Сондықтан Зияфат «қызымнан аулақ жүр» деп жасөспірімге ескерту жасаған. 9-сынып оқушысы осыған кектенген болуы мүмкін.
«Ол баламен 4-сыныпқа дейін бір партада отырғанбыз. Бірінші сыныптан бері маған да, басқа құрбыларыма да тыныштық бермейтін. Бізге боқауыз сөз айтып, аяқтан шалып құлату оған күнделікті нәрсе. Мен түгілі, өзге қыздар да ол туралы ата-анасына талай мәрте шағымданған. Бірақ оған бәрібір», - дейді марқұмның қызы Хаяла Нариманова.
№55 мектеп басшылығы Пардамбек Сайыповқа шаң жуытпады. Оның осыған дейінгі бұзықтығын не мұғалімдер, не мектеп психологы байқамапты.
«Осы жағдайдан кейін жоғары сынып оқушыларына беймезгіл уақытта көше кезуге тыйым саламыз. Ондай шағым түскен емес. Ата-ана, оқушы тарапынан. Айтып тұрмын ғой, кәдімгі бала. Орта білімді», - дейді мектеп директоры.
Кісі өліміне кінәлі деген күдікке ілінген жасөспірім қазір қамауға алынды. Оқиға орнына жеткізіліп, әкесіндей адамды қалай ұрып өлтіргенін де көрсетіп берді. Оны марқұмның туыстары таспаға түсіріп алған. Бірақ полицейлер бұл туралы мардымды ештеңе айта алмай отыр.
Сыныптасының әкесін ұрып өлтірген оқушыға қандай баппен іс қозғалғаны белгісіз. Сондай-ақ марқұмның туыстары айтқандай, қылмысқа өзге сыбайластары қатысқан ба, жоқ па, оны полицейлер айта алмайды. Қазір жалғыз күдікті қамауда, ал марқұмның денесі бүгін жер қойнына тапсырылды.