Жыл басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында есірткі тасымалына қатысты 4 оқиға тіркелді
Түркістан облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, биыл қаңтар және ақпан айында «Жібек жолы» кеден бекетінде шекарадан есірткі заттарын алып өтпекші болған төрт жағдай анықталды.
«Осы жылдың 25 қаңтарында тіркелген оқиға бойынша «Жібек жолы» кеден бекетінде департамент қызметкерлері ҰҚҚ өкілдерімен бірлесе тексеру барысында 1977 жылы туған Өзбекстан азаматын ұстады. Қызметтік иттердің көмегімен оның шұлығынан айрықша иісі бар өсімдік күдікті зат ретінде табылды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, 8 ақпан күні дәл осы кеден бекетінде Өзбекстанға өту бағытындағы жолаушылар терминалында тексеру кезінде қызметтік иттің көмегімен 1960 жылы туған көрші елдің азаматы ұсталды. Оның сырт киімінің қалтасынан полиэтилен пакетіне оралған жасыл түсті зат табылған. Көп ұзамай бір күннің ішінде тағы екі қылмыстың беті ашылды.
«11 ақпан күні дәл осы кеден бекетінде 1981 жылы туған Маңғыстау облысының тұрғынынан қағазға скотчпен оралған күдікті зат табылды. Осы күні тағы да есірткі тасымалдаушыға қатысты оқиға тіркелді. Тәжікстан азаматы есірткі затын іш киіміне жасырып, шекарадан алып өтпекші болған жерінен ұсталды. Полиэтилен пакеттің ішінде ақ қағазға оралған жасыл түсті иісі бар зат болған», - деп хабарланды баспасөз қызметінен.
Аталған төрт факті бойынша жүргізілген сот сараптама жұмыстарының нәтижесінде бұл заттардың бәрі кептірілген марихуана, «гашиш» есірткісі екені анықталды. Қазір аталған оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғалды.