ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші тағы өсті

СҚО-да үй өртеніп, бүтін бір отбасы қаза тапты

Жер үйді шарпыған тілсіз жаудың кесірінен ерлі-зайыптылар, студент қыз және төрт жастағы балғын бақилық болды

 

Солтүстік Қазақстан облысында бүтін бір отбасы өрттің құрбаны болды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Төтенше жағдай Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында тіркелген. Жер үйді шарпыған тілсіз жаудың кесірінен ерлі-зайыптылар, студент қыз және төрт жастағы балғын бақилық болды. Олардың 6 жастағы қызы жетім қалды.

Степная көшесінің бойында орналасқан жер үйде өрт таңғы жетілер шамасында шыққан. Алдымен кіберберіс өртеніп, кейін жалын үйдің шатырына көшкен. Баспананың отқа оранғанын осы маңайдағылар байқап, дереу төтенше жағдай мамандарын шақыртқан. Құтқарушылар келген сәтте тілсіз жау үйді түгел шарпып үлгерген екен. Баспананы тінту барысында бірден үш мәйітті тауып алған. Ал төрт жасар баланың денесін өрт сөндірушілер бірнеше сағат іздепті.

«Өрттің ауданы 90 шаршы метрді құрайды. Өкінішке қарай, өрттің салдарынан 4 адамның мәйіті табылды. Қазіргі таңда өрттің себебін арнайы мамандар тергеу жұмыстарын жүргізуде. Қайғылы жағдайға ұшыраған отбасының ішінде екі бала табылды. 2017 жылғы бала және 2001 жылы туылған қыз бала», - деді СҚО ТЖД басшысының орынбасары Орал ӘБДІРАХМАНОВ.  

19 жастағы бойжеткеннің отанасың сіңлісі екені белгілі болды. Қашықтан оқып жүрген медициналық колледждің екінші курс студенті ғаламторға кіру үшін уақытша осы үйді паналапты. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың бақилық болған балдырғанынан бөлек, бірінші сыныпта оқитын қыздары бар. Ол қыз кеше әжесінің жанына қонуға кетіпті.   

Отанасы Юлий Кийко жергілікті базарда саудамен айналысса, отағасы су құбырын тарту кәсіпорнында қызмет еткен. Көршілері жас отбасының тәртіпті, ішімдіктен аулақ болғанын айтады.

«Олар бұл үйге шамамен 10 жыл бұрын көшіп келді. Біз олармен қоян-қолтық араластық. Көмек сұрап жүгінсек, ешқашан бетімізді қайтарған емес. Соңғы рет оларды кеше күндіз көргенмін. Олар пешті ағаштан жасалған көмірмен жағатын. Ол жанған кезде, ұшқыны жан-жаққа атқылайды. Бірақ олардың пештері металдан жасалған еді. Өрттің қалай шыққанын білмеймін», - дейді көршісі Виктор РАЗВОДНОЙ.

Оқиға орнын бастан-аяқ зерттеп жатқан арнайы комиссия қайғылы жағдайдың нақты себебін бірер күннен кейін хабарламақ. Бірақ көп жағдайда жалын тілі пештен тарайды деп отыр.

Айта кету керек, жыл басынан бастап аймақта 91 өрт тіркеліп, 15 адам оттың құрбаны болған. Қайғылы жағдай саны былтырға қарағанда екі есе көбейіпті.