ШұғылӨткен тәулікте елімізде 753 адамнан коронавирус анықталды

Алматыда қос зейнеткерді айуандықпен өлтірген қылмыскерге үкім шықты

Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

көрнекі сурет

Бүгін Алматыда екі зейнеткерді пышақтап өлтірген қаскөйге қатысты сот үкімі шықты. 90 жасқа жақындаған қарияларды тонап, айуандықпен өлтірген 35 жастағы жігіт өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Ерлі-зайыпты зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасау дерегі бойынша іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды.

«Сот 2020 жылы шілдеде О. есімді сотталушы көлік сатып алу мақсатында ерлі-зайыпты зейнеткердің пәтеріне заңсыз кіріп, оларға шабуыл жасап, пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Егде жастағы қариялар қарсылық көрсеткенде, сотталушы оларға бірнеше рет пышақ салған. Қариялар оқиға болған жерде қайтыс болды. Кейіннен сотталушы О. 500 доллар, 360 мың теңге ақшаны мен ұялы телефон ұрлап кеткен», - деді қалалық соттың баспасөз қызметі.

Сотта прокурор айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраса, жәбірленуші тарап өкілдері өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы ұстанымдарын білдірген. 1986 жылы дүниеге келген айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған.

«Сот үкімімен О. екі адамды өлтіргені және қарақшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең қатал жазаға кесілді. Қатаң жаза сотталушының бұрын да қарақшылық үшін сотталғаны және ол әрекетінен сабақ алмағаны үшін тағайындалды. Зейнеткерлер 81 және 89 жаста», - деп толықтырды қалалық соттың баспасөз қызметіндегілер.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы