Ақшасын алаяққа аударғанын түсінген тұрғын бірден полицияға жүгінген
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мамлют ауданының тұрғыны интернет-алаяқтарға алданып, 180 мың теңгесінен айырылып, полицияға жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Интернеттен ер адам «Mazda» автокөлігінің қозғалтқышы мен беріліс қорабы сатылатыны туралы хабарландыру тапқан. Аудан тұрғыны «тапсырыс берілген қосалқы бөлшектер бес күнде жетеді» деген сөзге сеніп, алдын ала төлем жасаған. Бұдан кейін қаскөймен арадағы байланыс үзілген.
Алдаудың құрбанына айналғанын сезген тұрғын полицияға жүгінген. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ауданның ПБ қызметкерлері Алматы қаласының 30 жастағы тұрғынының қылмысқа қатысы барын анықтады. Ол жедел уәкілдердің оңтүстік астанаға қызметтік іссапары барысында ұсталды.
«Алдын ала төлем жасату интернет-алаяқтардың кеңінен қолданатын тәсілі саналады. Тауарды танымал веб-қызметтердегі жарнамалар арқылы сатып алу кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеуіңіз керек. Егер сіз нақты адаммен жұмыс жасайтындығыңызға толық сенімді болмасаңыз, сіздің талаптарыңызға сәйкес қосымша фотосуреттер мен жеке бейне шолуды сұраңыз. Жаңа схема көптеп кездеседі, алаяқтар банктің қауіпсіздік қызметінен немесе зейнетақы қорынан қоңырау шалып тұрмыз деп айтуы мүмкін. Олар адамдарды біреу оның шотынан қаражат алып жатыр деп сендіреді. Қаскөйлер көбінесе құрбандардың құпия деректерін біледі. Алайда, олар банктік картаның PIN кодын немесе SMS-хабарлама түрінде келген кодты білмесе, ештеңе істей алмайды. Біз сіздерден алаяқтардың арбауына түсіп қалмауыңызды, код пен парольді ешкіммен бөліспеуді, жеке құжаттарыңыз бен банк карталарының фотосуретін ешкімге жібермеуді сұраймыз», - деді Мамлют ауданының ПБ бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов.