Ақпаратты қалалық білім басқармасының өкілдері растады
Шымкентте мектеп оқушысы жүкті болып қалған. Бұл ақпаратты қалалық білім басқармасы өкілдері растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Шаһардың бас ұстазы Жанат Тәжиеваның білуінше, бұл жағдай өткен жылы қазан айында анықталыпты. Бұл уақытта балалар сабақты жаппай қашықтан оқып жүрген. 9-шы сынып оқушысының ынтасы төмендеп, көңіл күйі түсіп жүргенін ұстаздары байқап, психологиялық жұмыс жүргізген екен. Нәтижесінде, күдіктері расқа айналған.
«Жағдай анықталғаннан кейін білім ұйымы ата-анасына арнайы хабарлап, олармен бірге қыз баланы дәрігерге апарып, осы жағдайды анықтап отыр. Жағдай расталып, анықталған деп отыр. Бүгінгі күні қыз бала дәрігерлердің қадағалауында. Сонымен қатар бұл оқиғаның қалай болғанына қатысты құзырлы органдардың тарапынан тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат ТӘЖИЕВА.
16 жастағы оқушының кімнен және қашан аяғы ауыр болып қалғанын тиісті орындар анықтайтын болады. Жанат Арысбекқызы қазір бұл іспен полиция айналып жатқанын жеткізді. Қазір аяғы ауыр оқушыға психологиялық көмектер көрсетіліп жатыр деді. Сондай-ақ жағдайды ескере келе, сабағын үйде оқыту құжаттары рәсімделген.