Қызылордада бірқатар полиция басшысы есірткі дауына байланысты қызметінен кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Басқарманың бұрынғы басшысы 15 жылға сотталды

көрнекі фото

ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов қарасора өсіргендерге қамқорлық жасағаны үшін Қызылорда облысы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бұрынғы басшысы 15 жылға сотталғанын хабарлады.

Одан бөлек, полицейлер марихуананың ірі партиясына қатысы бар тағы бір қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкереледі. Тіпті, заңсыз қару-жарақ та тәркіленді. Оған да полиция басшыларының қатысы бар болып шықты.

«Тінту шаралары барысында 12 келіден астам есірткі тәркіленді. Одан кейін Қызылорда облыстық полиция департаментінің басқарма басшысы мен оның қол астындағы қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін 7 млн теңге көлемінде пара алған кезінде ұсталды. Қазір оларға қатысты тергеу шаралары жалғасып жатыр. Жақын арада іс сотқа жолданады», – деді Арман Саданов.

Департамент басшысы жауапқа тартылған барлық полицейдің жұмыстан босатылғанын, одан бөлек, Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары мен тағы үш басшы қызметінен кеткенін хабарлады.