Полицейлер төбелестің себебін анықтауда
Павлодарда екі қалалық мектептің оқушылары пышақтасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімовтің мәліметіне сәйкес, екі қалалық мектептің екі оқушысы төбелесіп, пышақтасқан. Оқиға салдарынан бір жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Жанжалға екі мектептің жоғарғы сынып оқушылары арасындағы араздық себеп болған.
«Екеуі бір-бірін ұнатпаған. Біз ол жерде пышақтың қайдан пайда болғанын анықтаймыз. Тергеу жүреді, одан кейін қосымша хабарлаймыз. Зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиғаға қатысы бар жасөспірімдер полицияда есепте болмаған. Орташа деңгейде оқыған балалар. Біреуі бокспен айналысқан. Аталған факт бойынша Қазақстан қылмыстық кодексінің 106-бабы – ауыр дене жарақатын салу бойынша сотқа дейінгі өндіріс басталды», - деді Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов.
Айта кетсек, осы бап бойынша кінәлі адам үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе осы мерзімге бостандығы шектелуі мүмкін.