Әйелдің кепілге алынуы салдарынан көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары бірнеше сағат бойы пәтеріне кіре алмай жүр
Әйелін кепілге алған Орал тұрғынымен оның туған бауыры келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі sputniknews.kz-ке сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының баспасөз хатшысы Болатбек Бердібековтің хабарлауынша, «102» нөміріне ер адам нотариус болып істейтін әйелін Жәңгір хан көшесіндегі кеңседе ұстап отырғаны туралы хабарлама шамамен сағат 13.10-да келіп түскен. Содан бері жергілікті полиция онымен келіссөз жүргізіп жатыр. Ер адам пышақпен және гранатаға ұқсас затпен қаруланған.
«Әзірге ештеңе өзгерген жоқ, келіссөздер жалғасуда. Туған бауырын алып келді, қазір ол келіссөз жүргізіп жатыр», - деп хабарлады облыстық департамент басшысының баспасөз хатшысы.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұған дейін ерлі-зайыпты ажырасуға шешім қабылдаған. Сонымен қатар ер адамның психиатриялық есепте тұрмайтыны белгілі болды.
Бес қабатты үйдің барлық тұрғыны эвакуацияланды, үйдің айналасы қоршауға алынды.