Атырауда 160-қа жуық көлік айыппұл тұрағына қойылды

Автор: Azattyq Rýhy

Көлік иелері 9 миллион теңгеге жуық айыппұлды төлемеген

 

Фото: atpress.kz

Атырау облысында төленбеген айыппұлдары 9 млн теңгені құрайтын 160-қа жуық шетелдік автокөлік арнаулы тұраққа қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаңтар айының 28 күні, яғни бір тәулік ішінде Атырау қаласы Полиция басқармасы Жедел басқару орталығының қызметкерлері қала аумағында жүрген ҚР ӘҚБтК-нің 785- бабына сәйкес төленбеген айыппұлдары бар Ресей, Армения, Қырғызстан елдерінен әкелінген 12 автокөлікті анықтады.

«Олардың екеуі 36 254 теңгені құрайтын айыппұлын сол жерде төлеген. Ал ортақ айыппұлы 395 870 теңгені құрайтын 10 автокөлікті патрульдік полиция қызметкерлері арнаулы тұраққа жеткізді», - делінген ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Айта кетейік, жыл басынан бері Атырауда 9 млн теңгені құрайтын төленбеген айыппұлы бар 160-қа жуық шетелдік автокөлік арнаулы тұраққа қойылды.

Олардың бесеуі Қырғызстаннан, біреуі Әзербайжаннан, 19-ы Армениядан әкелінген автокөліктер болса, қалғаны Ресейден жеткізілген автокөліктер.