Петропавлда мас адам өзгенің жүк көлігін мініп кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті қамауға алынды

Петропавлда мас адам тал түсте өзгенің жүк көлігін мініп кеткен. «DAF» жүргізушісі техникалық қызмет көрсету орталығында тіркеменің доңғалағын жөндеп жатқанда көлік кенеттен оталып, орнынан қозғалып кеткен. Жұмысшылар кабинда бөтен адам отырғанын бірден байқаған. Күдікті біреудің мүлкіне қол сұққаны және мас күйде рөлге отырғаны үшін заң алдында жауап береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Техникалық қызмет көрсету орталығының жүргізушісі мен күзетшісі қаскөйді ұстап алады. Ол жақын тұрған «Mazda» автомашинасына соғылып, тоқтауға мәжбүр болған. Техникалық қызмет көрсету орталығының иесі полицияға арызданды.

Оқиға орнына шақырылған тәртіп сақшылары күдіктіні қамауға алды. Ол бұрын бірнеше рет мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотталған 42 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Күдікті алкогольдік мас күйде болған. Тергеу кезінде ол жүк көлігінің кабинасына кіріп, жылынбақ болғанын айтқан. Одан әрі көлікті не үшін оталдырып, айдап әкеткенін түсіндіре алмады.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климовтың айтуынша, бұл жыл басынан облыста көлік құралын заңсыз иемденудің екінші фактісі. Ал 2020 жылы осындай 85 факті тіркелген.

«Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бұдан басқа, күдікті жүргізу құқығы жоқ адам жасаған мас күйде көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қатысты міндетті түрде келу туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды», - деді Петро Климов.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО