СҚО-да ауыл тұрғынынан 14,5 келі марихуана тәркіленді
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Солтүстік Қазақстанда 57 жастағы ауыл тұрғыны 14,5 келі марихуанамен ұсталды. Полицейлер күдіктіні облыс орталығында қолға түсірген. Аталған мөлшер аса ірі көлемге жатады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полдиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала маңындағы ауылдардың бірінің тұрғынының есірткі қылмысына қатысы бар екендігі жайында жедел ақпарат түскен. Жедел-іздестіру шаралары барысында аталған мәлімет расталды. Ер адам Астана және Бөкетов көшелерінің қиылысында ұсталды. Тәртіп сақшылары қызметтік-іздестіру иттердің көмегімен Volkswagen автомашинасының салонында скотчпен оралған үш полиэтилен пакет салынған қапты анықтаған. Ішінде өсімдік тектес ерекше иісі бар зат болған. Сот-химиялық сараптаманың актісі алынған заттың салмағы 14 кг 540 грамм кептірілген марихуана екендігін көрсеткен.
«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталған қамауға алынды, тергеу жүргізілуде», - дейді СҚО Полдиция департаменті баспасөз хатшысы Нұрбек Баекин.
Күдікті бұрын бірнеше рет істі болған. Есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін екі рет сотталған. Аса ірі мөлшерде есiрткi өткізгені үшін 2008 жылы бас бостандығынан айрылған. Түзету коллониясынан осыдан екі жарым жыл бұрын, яғни 2018 жылы босап шыққан.
Солтүстік Қазақстан облысында 2020 жылдың 12 айында заңсыз айналымнан 462 кг астам түрлі есірткі заттары алынды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО