Мүгедек қыздың зорлануы: Шымкенттегі интернат жұмысына тексеріс жүргізілетін болды

Автор: Azattyq Rýhy

Шымкент қаласының тұрғыны мүгедек қызына жылдар бойы зорлық көрсетілгенін айтып, шағымданған болатын

 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен Шымкент қаласы әкімдігінің «№2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын тексеру мақсатында мониторингтік топ құрылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мониторингтік топтың құрамына бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және т. б. өкілдері кіреді.

Комиссия қамқорлыққа алынғандарға қатысты тұру, тамақтану, төсек-орын жабдықтарымен, киіммен және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілу жөніндегі стандарттардың сақталуын, сондай-ақ көрсетілетін әлеуметтік-медициналық қызметтердің сапасын тексереді.

«Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамутованың Instagram-паблигіндегі үндеу хаты тексеру жүргізуге негіз болды. Әйел І топтағы мүгедек қызы мекемеде 7 жыл бойы зорлағанын хабарлады. Оның айтуынша, қызы есінен танып қалған кезде оны пайдаланған, қыз эпилепсиядан зардап шегеді», - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: «Талып жатқанда зорлаған»: Шымкентте мүгедек қызы зорланған ана жанайқайын жеткізді

Айта кетейік, қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің «Бірнеше рет жасалған зорлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.