Петропавлда анасы аяусыз ұрып-соққан үш жастағы сәби әлі есін жимады

Автор: Azattyq Rýhy

Баланың туабітті сал ауруымен ауыратыны белгілі болды

Фото: ашық дереккөзден

Петропавлда анасы өлімші етіп сабаған 3 жастағы балғын әлі есін жиған жоқ. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Қорғаншылық органдары қатыгез ананы құқығынан айыруға бекінген. Өйткені ол науқас баласын бұдан бұрын да соққыға жыққан көрінеді. Мұны көршілері айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Бұл оқиға қаңтардың 17-і күні болған. 22 жастағы жас ана туған қызын есінен танғанша ұрып-соққан. Артынша жедел-жәрдем шақыртыпты. Осы оқиғадан соң құзырлылар отбасын тексеруге көшкен. Қорғаншылық органдарының мәліметінше, бала туғаннан бейнет көріп келеді екен. Оның туабітті сал ауруымен ауыратыны да белгілі болды. Анасы асырай алмаған соң, нәрестесін балалар үйіне уақытша тапсырған. Араға жарты жыл салып, баланы алып, бөлек тұратын әкесіне әкеліп берген. Сәбиін емдеп, үш жыл бойы күтімін жасаған әкесі тура бір ай бұрын анасына қайтарыпты.

«Шешесі әкесіне баланы ерікті түрде берді. Бұл жерде қорғаншылық органдарының қатысуы міндет емес. Әкесінің әлеуметтік жағдайы жақсы. Сондықтан біз оларды тексерген жоқпыз. Кейін ол бізге ескертпестен баланы қайтып шешесіне берген. Айта кету керек, анасы психиатриялық диспансерде тіркеуде тұрмаған», - деді СҚО Білім басқармасы Тәрбие, қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің жетекшісі Мафруза НАУАНОВА.

Қыз баланың анасы мен өгей әкесі осы жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрған. Көрші-қолаң шағын отбасының пәтерінен айғай-шуды естімегенін айтады. Дегенмен, отағасы сәбидің көгерген жерлерін емдеу үшін дәріханадан дәрі-дәрмек алып жүріпті.  

«Олар бұл жерге жуырда көшіп келді. Мен жақын маңайдағы дәріханада жұмыс істеймін. Қыздың өгей әкесі дәріханаға келіп, сәбидің құлап, ауызын жаралап алғанын айтты. Кейін көгерген жерін емдейтін мазь сұрады. Жалпы, бұл отбасыны жаман деп айта алмаймын. Көршілердің мазасын алғанын байқағанымыз жоқ», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Инна КОБРИНА.

Жедел жәрдем келген кезде үйде тек анасы болған. Ал өгей әкесі жұмыста болғандықтан, күдікке ілінбепті. Полицейлер тасжүрек ананы қамауға алып, тергеу жұмыстарын бастап кетті.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігімен «Кәмелеттік жасқа толмаған адамға қасақана зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізіледі. Күдікті бұрын құқық қорғау органдарының назарына ілікпегені белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті Петропавлдың уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді СҚО ПД тергеу басқармасы басшысының орынбасары Азат ҚҰСАЙЫНОВ.

Бір аптадан бері аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан үш жастағы Саша әлі есін жиған жоқ. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Егер баланың халі оңалмаса, анасы 12 жылға дейін түрмеге қамауы мүмкін. Айта кету керек, қазір қорғаншылық органдары жас ананы ата-ана құқығынан айыруға бекініп отыр.