ШұғылАналық капитал: депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды

Елордада интернет-алаяқтықпен айналысқан 97 адам жауапқа тартылды

Жәбірленушілерге 100 миллион теңге қайтарылды

 

Көрнекі сурет

Өткен жылы интернет-алаяқтық жасағаны үшін елордалық полиция қызметкерлері 97 тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартты. Жәбірленушілерге 100 миллион теңге қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Пандемия басталғалы онлайн сауда арта бастағандықтан, алаяқтар интернет желісіндегі сол науқандарды пайдаланып, іске кіріскен.

Олардың арасынан медициналық бетперделер, антисептиктер, дәрі-дәрмектер, тондар, ұялы телефондар, жиһаздар және т.б. сатылады деген сылтаумен жасалған алаяқтықты атауға болады. Желіде жалған аккаунттар мен хабарландырулар көбейіп кеткен. Ондай интернет-ресурстар кейіннен анықталып бұғатталды.

«Сондай-ақ алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, алдау арқылы банк карталары бар адамдардың реквизиттерін және СМС-парольдерін біліп алып, олардың шоттарынан ақша жымқырған.​ Ондай алаяқтардың әрекетінен 300-ден астам елордалық  зардап шекті», - делінген ПД хабарламасында.

Жылдың екінші жартысында «OLX» және ​ «Kolesa» жеке хабарландыру сайттарының қолданушылары жапа шекті. Осы сайттарда тауар сатамын деген азаматтарға алаяқтар жеткізу қызметін ұсынған. Ештеңеден күдіктенбеген азаматтарға сайтқа ұқсас сілтемені жіберіп, банк картасының реквизиттері бар анкетаны толтыруды өтінген. Алайда, толтырғаннан кейін қолданушылар пайда кқрмек түгілі, жинаған қаражатынан айырылып қалған.

Алаяқтар көбінесе азаматтардың бейқамдығын, сенгіштігін және мұқиятсыздығын пайдаланады. Олар шоттан ақшалары алынған кезде ғана барып алданғанын біледі.

Алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін Полиция департаменті:

- үшінші тұлғаларға банк карталарының реквизиттерін, CVV-кодты және парольді бермеуді;

- тауардың бар-жоғына және сапасына көз жеткізбейінше алдын ала төлемнен бас тартуды;

- онлайн-несиелерді рәсімдеуді алдын алу үшін бөтен адамдарға дербес деректерді бермеуді;

- ақшаны көбейту бойынша күмәнді акцияларға қатыспауды;

- ұсынылатын қызметтердің шынайылығын тексеруді (OLX-жеткізу, мүлікті жалға алу, ұтыстарға ақша салу) ескертеді.