Екі адам қайтыс болып, біреуі ауруханаға жеткізілген
Қарағанды – Балқаш тас жолында үш адам мінген жеңіл көлік жүк көлігіне соқтығысып, салдарынан екі адам қаза тапты. Олардың бірі – полиция қызметкері деп жазады Polisia.kz. Көлікте болған үшінші адам да полицей.
Оқиға 21 қаңтарда болған. Shacman жүк көлігін тізгіндеген 59 жастағы жүргізуші тізгінге ие бола алмай, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен және ВАЗ автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан жеңіл автомашинада болған үш адамның екеуі оқиға орнында көз жұмды. Жүргізушісі – 35 жастағы полиция қызметкері Балқаш қаласының ауруханасына жеткізілді.
«Қарағанды облысы ішкі істер органдарының басшылығы мен жеке құрам қаза тапқан полиция капитаны Дәурен Қабдығалиевтің туғандарына қайғыра көңіл айтады. Ол 2009 жылдан бері ішкі істер органдары сапында жұмыс істеп келді. Үйленген, екі баланың әкесі», - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Аталған жол көлік оқиғасына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.