Арада жарты жыл өтсе де, іс сотқа жетпеген
Петропавл қаласының тұрғыны Дарина Тюгумбаева демалу мақсатында жағажайға өз аяғымен барып, бірнеше айдан соң үйіне мүгедек болып оралған. Арада жарты жыл өтсе де, іс сотқа жетпеген. Жапа шегуші құқық қорғау органдарынан күдіктіге қатысты әділ шешім шығаруын талап етіп отыр. Дарина өз денсаулығына ауыр зиян тигізген адам жауапкершіліктен сытылып кете ме деп алаңдайы.
Дарина сол күнді есіне алса, көзі жасқа толады. Жағажайға отбасымен демалу мақсатында барған келіншектің қайғылы жағдайға тап болатыны үш ұйықтаса, түсіне кірмеген.
«2020 жылдың 19 шілдесі күні Есіл өзенінің Новокаменка ауылының маңындағы жағажайына бардық. Кешкі бестер кезі болатын. Үш сағат бойы балалар суға түсті, ойнады. Күйеуім, әкем мен сіңлім үшеуміз оларды кезекпен қараумен болдық. Демалғандар қарасы қалың еді. Бірі жағада күнге қыздырынса, екіншілері суға шомылып жатты. Сағат кешкі сегізге таяғанда сіңлім екеуміз де суға түстік. Жанымызда демалып жатқан топтың балалары біздің киімдерімізді айналшақтап жүргенін көріп алаңдадық. Заттарымыз жоғалып кетпесін деп жағаға қайта шықтық. Басқа бөтен ойымыз болған жоқ», - дейді Дарина.
Осыдан кейін балаларға қарап отырған күйеуі Асқар өзенге тағы бір түсіп шығуды ұйғарады. Ал Дарина сіңлісімен бірге балалардың жанына барып жайғасады. Жүрегі сездірді ме, жас келіншек анадайда әңгімелесіп жатқан жігіттердің даусын құлағы шалады.
«Олардың бірі балаларының көлік жүргізе алатынын, трассада рөлге отырып, ауылға барғанда машинаны өздері айдайтынын айтып жатты. Қазірдің өзінде ұлдарының көлге дейін барып келуге шамасы келетінін де жеткізді. Арада небәрі 1-2 минут өткенде сыртымызда тұрған көліктің оталғанын естідім. Рөлде 6 жастағы бала отырған екен. Күйеуім суға кіріп үлгерген де жоқ еді. Мен мойнымды бұрып, өзіме қарай небәрі 1 метр қашықтықта келе жатқан машинаны көріп қана үлгердім. Ештеңе істей алмай қалдым. Бәрі қас-қағым сәтте болды. Балаларыммен бірге машина астында қалдық. Менің үстімнен дөңгелек жүріп өтті. Балаларым ұсақ жарақаттар алғаны болмаса, дін аман екен. Ал менің жолым болмады. Жамбас сүйегім дөңгелек астында қалып, өзімді 3-4 метр жерге итеріп тастаған. Қатты шошынып қалғанымды білемін. Үстімнен зілдей машина басып алға қарай сүйрегенде өліп бара жатырмын деп ойладым. Жанымда адамдар жүгіріп жүргені есімде. Бірі жедел жәрдем, екіншілері полиция қызметін шақыртып әлек. Әйелдер мен балалардың жылаған дауыстары құлағыма келіп жатты. Есеңгіреп қалған мені оятқандар да бар. Шамамен жарты сағатан соң жедел жәрдем қызметі келді. Мені 3-қалалық ауруханаға алып кетті», - дейді Дарина.
ІІ ТОП МҮГЕДЕГІ АТАНДЫ
Сол жарты сағаттың Дарина үшін қалай өткені белгісіз. Жамбас сүйегі шығып, бірнеше жерден сынған. Дәрігерлер диагнозы көңіл көншітпеді. Науқас Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтында екі ауыр отаны бастан кешіреді. Екі ай бойы қозғалыссыз жатады. Одан кейін қайта оңалу. Шілденің шіліңгір күнінен бері келіншектің басына үйрілген қара бұлт сейілген емес. Әр күнді қиындықпен өткеріп келеді.
Дарина Тюгумбаеваға осыдан бір ай бұрын мүгедектік алды. ІІ топ. Ол қазір арба және балдақтың көмегімен ғана қозғала алады.
«Үш ай бойы сол аяғымды басқан жоқпын. Дәрігерлер тыйым салды. Сол оқиғадан бері жарты жыл өтті. Тергеу амалдары әлі жүрып жатыр. Айыпталушы адам сынды кешірім сұрап та келген жоқ. Бұл жағдайда материалдық көмек жайында, тіпті, аузымды аша алмаймын. Әділдік орнаса екен деймін. Іс тезірек сотқа жетсін. Елімізде әр бала ойына келген кезде көлік рөліне отырып, адамды соға бере ме? Ал ата-ана ол үшін жауапқа тартылмаса сұмдық қой. Күдікті заң алдында жауап беруі керек», - дейді келіншек.
Жапа шегуші жанайқайын қайда барып жеткізерін білмейді. Аталған іс бойынша СҚО Полиция департаменті жауап қатты.
«Аталған факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне енгізілді. Тиісті сот-медициналық сараптамалар жасалды. Істі толық және объективті зерттеу мақсатында қылмыстық іске қатысты тергеу жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім шығарылады. Әкімшілік жауапкершілік аясында «Mersedess-Bens E220» автокөлігінің 1985 жылы туған жүргізушісі екі бап бойынша жауапқа тартылды», - делінген ресми хабарламада.
Дарина екі бала тәрбиелеп отыр. Тұңғышы 4, кенжесі 1 жаста. Бала күтімі бойынша демалыс алғанға дейін Петропавл мектептерінің бірінде ағылшын тілінен сабақ берген. Жапа шегуші күдіктінің Петропавлдағы өрт сөндіру бөлімдерінің бірінде жұмыс істегенін ғана біледі. Тергеу кезінде полицейлер екеуін жолықтырған екен. Кешірім сұрауға да жарамапты. Бесіктен белі жаңа шығып, бірден рөлге отырған 6 жастағы баланың ата-анасы жайында басқа мәлімет жоқ.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО