Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған алматылық 4 жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 31,1 млн теңге көлемінде заңсыз табыс тапқан

көрнекі фото

Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Алматы қаласында астыртын ойынхана қызметін ұйымдастырушыға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Тергеу барысында Алматы қаласының тұрғыны заңсыз ойын бизнесін (электронды ойынхана) ашып, оның қызметін ұйымдастыру арқылы 31,1 млн теңге көлемінде заңсыз табыс тапқандығы дәлелденді.

ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңының 6-бабы 2-бөлігіне сәйкес, Қазақстан территориясында электронды және интернет ойынхана қызметіне рұқсат етілмейді. Алайда, алматылық азамат 4 ойын терминалын және 52 компьютерлік техниканы орнату арқылы, құмар ойындарын, яғни электронды ойынхана қызметін ұйымдастырып келген.

Сот үкімімен ойынхананы ұйымдастырушы Қылмыстық кодекстің 307-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша (заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.